Жұмабек Ахметұлы Тәшенов (20 наурыз 1915 жылы Ақмола облысы Аршалы ауданы Танакөл ауылында (Бабатай қыстауында) туған[1] - 18 қараша 1986 жылы Шымкент қаласында дүниеден озған) — мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты (1962). Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген.
Quick Facts Лауазымы, Ту Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы Ту ...
Close
Арғын тайпасының Қуандық руының Қареке бөлімінен шыққан[2].
- 1934 – 1939 жылдары Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, аудан жер бөлімінің меңгерушісі
- 1939 – 1943 жылдары Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары
- 1944 – 1947 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы партия комитеті хатшысының орынбасары, мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі
- 1947 – 1948 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1948 – 1952)
- 1952 – 1955 жылдары Ақтөбе облысы партия комитетінің 1-хатшысы
- 1955 –19 60 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы
- 1960 – 1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы
- 1961 – 1975 жылдары Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары
- Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында, Оңтүстік Қазақстан облыстық талдау-есептеу орталығында қызмет атқарған.
Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды.
“Қазақ әдебиеті” газетін жабудан, “Социалистік Қазақстан” газетін “Казправданың” аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. “Ұлтшыл” деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды. 1961 – 1975 жылдары Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1975 жылы одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Өмірінің соңғы кезеңінде “Қаракөл” ғылыми-зертханалық институтында, Түркістан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған.[3]
«Ленин», «Еңбек», «Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған
- Тың игеру кезінде Көкшетау облысында совхоз директоры болған Ф. Моргун 1957 жылы совхоз тұрғындары жер астында тұщы су болса да қажетті құралдың болмағандығынан 20 шақырым жерден суды тасып ішіп қиналып жатқанда Жұмабек Тәшенов келіп бір аптаның ішінде Армениядан скважина арқылы су тартатын компрессор алғызып беріп су мәселесін шешіп бергенін ризалықпен жазады.
- Жұмабек Тәшенов Шымкент облысында атқару комитеті төрағасының орынбасары кезінде, күзде Түркістан аймағының мақташылары мақта тазарту зауытында су мақтаны кептіруге отын таба алмай қиналып жатқанда сол ауданға уәкіл болып барған Жұмабек Тәшенов Қарағанды облысының басшылығымен хабарласып қажетті 1,5 мың тонна көмірді жеткіздіріп береді. Соның арқасында аудан мақта дайындау жоспарын 102,7 пайыз орындайды. Сонымен қатар Жұмабек Ахметұлы Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан шығыс моншасын қалпына келтіріп іске жаратуды жүзеге асырады. Кезінде Жұмабек Тәшеновтің іскерлігін, қабілетін Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцовтың өзі мойындауға мәжбүр болған. Ол 1964 жылы Мәскеудің өкілі қатысып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі мәжілісте: «Н.С.Хрущев Жұмабек Тәшеновтың намысына тиіп, қызметінен төмендетіп бізге облатком төрағасының орынбасары етіп жіберсе де, ол өзінің таңғажайып қабілетінің арқасында Оңтүстік Қазақстандағы ең құрметті адам болып отыр»,- деп мәлімдеген.
- Экономист, профессор Ғарай Сағымбаевтың Жұмабек Тәшенов республика басшылығында болған 6 жылда Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті қарыштап алға басқанын төмендегідей деректермен көрсетеді: электр энергиясы қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір өндіру – 2 есе, цемент шығару – 15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыш өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1,5 есе, мал майын шығару – 1,4 есе, өсімдік майын шығару – 2 есе өскен. Егіс көлемі – 6 миллионнан 22 миллион гектарға, ірі қара мал саны – 5,5 миллион, қой мен ешкі – 28,5 миллион басқа дейін өсті. Халық шаруашылығында 125 мың жоғары білімді, 215 мың орта білімді мамандар қызмет етті. Бес жылда 690 мың пәтер салынып, 2,4 мың кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылады. 6140 кітапхана, 5140 клуб, 4777 киноқондырғылар, 25 музей, 19 облыстық театрлар жұмыс істеп тұрды. Сөйтіп, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмыс мәдениеті айтарлықтай жақсарды.
- Жұмабек Тәшенов жоғары қызмет бабына орай бір мезгіл Мәскеуде де басшылық жұмыс атқарып отырған. Сол кездегі тәртіп бойынша КСРО құрамындағы 15 одақтас республика Жоғағы Кеңестерінің төрағалары КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасарлары болып есептелінетіндіктен «мәскеулік төраға» демалысқа шыққанда 1 ай бойы Мәскеуге барып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының қызметін уақытша атқарған. Мәскеуге барар бір сапары қарсаңында Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов Жұмабек Тәшеновтен Бауыржан Момышұлының екі рет Батыр атағына ұсынылып өтпей қалғанын, сол атақты алып беруге араласуын өтінеді. Жұмабек Тәшенов Мәскеуге барысымен мұрағаттан Б. Момышұлының құжаттарын алғызып танысады. Батырлыққа екінші рет ұсынылған құжаттың қорытындысында соғыс кезіндегі кейбір қылықтары кеңес офицерлерінің ар-ожданына қайшы келгендіктен Б.Момышұлына мұндай атақты беруге болмайды деп маршал Конев қолын қойыпты. Ж.Тәшенов Жоғарғы Кеңестің атынан маршалды шақырып алып мәселені түсіндіреді. Маршал Конев «Бұл туралы менің пікірімді білмек болсаңыз, мен өз өмірімде ешқашан бір айтқан пікірімді өзгерткен адам емеспін. Бұл жолы да солай қаламын»,-деп көнбей қояды
- Мәскеудегі кезекті қызметін атқару кезінде украиндық бір ғалымның «қылмысты ісі» алдына келеді. Қарт ғалымға бір жауапты қызметкерді өлтірді деген айып тағылып өлім жазасына кесіліпті, кешірім жасау туралы өтініші де қабылданбапты. «Мәскеулік төраға» - К.Е.Ворошилов демалыста болғандықтан орынбасары Жұмабек Тәшенов қол қоюға тиісті болады. Жоғары Кеңес қызметкерлерінің бұл мәселе К.Е.Ворошиловпен келісілген деген қарсылықтарына қарамастан, адам тағдыры болғандықтан Жұмабек Тәшенов өлім жазасы туралы үкімге қол қоймай түрмеге өзі барып қарт ғалымға жолығады. Кінәсіз екеніне көзі жеткен соң қайта тергеуге жіберіп ақтап қалады. Кейін кісі өлтірген қылмыскер де анықталып жазасын тартады.
- Бірінші хатшы Н.Хрущев еліміздің солтүстіктегі 5 облысын (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп «Тың өлкесі» деген аймақ құрып оны Ресейге қосуды жоспарлайды. Өлкенің басшылығына Мәскеуден Т.И.Соколов деген өз адамын жібереді. Ол «Тың өлкесін» Ресейге өткізуге бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тарта бастайды. Бұл әрекетті білген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов 1960 жылы күзде «Тың өлкесінің» орталығы болған Целиноград қаласына шұғыл түрде ұшып келіп, республикалық Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді әдейі бермей бассыздық жасағаны үшін Т.Соколовты қызметінен алып 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін қадап тұрып айтады.
Одан кейін Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашылық жоспары қаралып жатқанда мінбеге көтерілген Тың өлкелік атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары А.И.Козлов: «Жұмабек Ахметұлы! Біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны»,- деп қыр көрсетеді. Мұндай жүгенсіздікке төзбеген Жұмабек Тәшенов оны тоқтатып қойып: «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады. Сіз сол партияның мүшесісіз. Мынадай қыңыр мінез бен істі қоймайтын болсаңыз партиядан шығарып орныңыздан аламыз. Сонан кейін баратын жеріңізге барып арызыңызды айта беріңіз»,- деп қадап айтады. Н.Хрущевтің қырына ілігіп қызметінен төмендетіліп Мәскеуден Қазақстанға жіберілген А.Козлов зәресі ұшып сол жерде кешірім сұрайды. Осылай Жұмабек Тәшенов Мәскеудің жіберген кеудемсоқ адамдарын тәубесіне келтіріп Қазақстаннның бес облысының берілмейтінін ашық мәлімдейді.
- Еркінбек Тұрысов пен Жолдыбай Базаров былай деп жазады: 1959 жылы 1 қазанда Қытай Халық Республикасының 10 жылдық мерекесіне орай КСРО басшысы Н.С.Хрущев бастаған делегация барады. Делегацияны ҚХР басшысы Мао Цзедун өзі қарсы алады. Әңгіме үстінде Мао Цзедун: «Кеңес Одағы сөз жоқ ұлы ел, ал біз Ұлы Қытаймыз»,- депті. Н.С.Хрущев: «Солайы солай ғой, бірақ КОКП – дүнежүзілік коммунистік қозғалыстың авангардында келеді», - дейді. Мао Цзедун: «Бірақ Қытайда коммунистер КСРО-ға қарағанда көп қой» - дегенде Н.С.Хрущев сөзден тосылып қалады. Сонда Жұмабек Тәшенов «Революцияны Кеңес коммунистері жасады емес пе? Олар кейін қытай коммунистеріне көмектесті ғой», - деп тығырықтан жол табады. Бұл уәжге қытай жағы жауап бере алмай қалады. Н.С.Хрущев әңгіме біткен соң риза болып Тәшеновке: «Сен өзің марксист екенсің ғой», - депті. Келесі күні Кеңес делегациясының құрметіне қонақасы беріледі. Қонақасы кезінде араққа қызып алған Н.С.Хрущев бәрінен өзін жоғары санап орынсыз лепіреді. Бірге барған Жұмабек Тәшенов ыңғайсызданып Н.С.Хрущевті шынтағынан түртеді. Ол ызғарланып «тише» деп алып лепіруін жалғастыра береді. Мұны байқап қалған Мао Цзедун аудармашыға әлдене деп ақырын тіл қатады. Аудармашы Жұмабек Тәшеновке сыбырлап: «Сіз ұялмай-ақ қойыңыз», - депті. Осы жәйіттен кейін Мао Цзедун кеңес делегациясын шығарып салуға келмейді. Қайтар жолда Н.С.Хрущев: «Саған әлгі Мао Цзедун кеше не деді?», - деп сұрайды. Сол оқиғаға зығырданы қайнап келе жатқан Ж.Тәшенов: «Мынауыңа айт, көп ойлап, аз сөйлесін деді», - деп жауап береді. Н.С.Хрущев қызараңдап Тәшеновке сұқ саусағын безейді.
- Садықбек Адамбеков пен Жолдыбай Базаров былай деп жазады: 1958 жылы 28 шілдеде ҚКП Орталық Комитетінің бюросында «Қазақ әдебиеті» газетінің саяси бағыт-бағдарының коммунистік идеологияға сай келмейтіндігі, «озық ойлылардың» ойлап тапқан пролетариат мәдениетіне, талабына жат дүниелерді аңсап «ауруы», қазақ ұлтшылдарын төңірегіне топтастыру, «адам айтқысыз қателікке ұрындырғандығы» газеттің жабылып-жабылмауы талқыға түседі. Мінбеге сөйлеуге шығып бара жатқан газеттің бас редакторы Сырбай Мәуленов Қазақстанның бірінші басшысы И.Д. Яковлев бастаған топтың мысынан аяғын сылбыр басып, түсі қашып бара жатқанда, ешкімді көзге ілмей орынсыз ілік тауып «Қазақ әдебиетін» тұқыртып немесе жауып тастағалы келіп отырғандарға ызаланған Жұмабек Ахметұлы: «Тайсақтамай батыл сөйле!» деп жігер береді. Жұмабек Ахметұлының әлгі сөзі С. Мәуленовты сескенбей сөйлеуге итермелеп, қорытынды сөзінде былай дейді: «Қазақ халқының басынан шойындай қара бұлт кетпей-ақ қойды. Арал маңында, Бетпақдалада оба ауруына қарсы бекет бар. Ал, Алматыда ұлтшылдарды қолдан жасайтын «фабрика» жұмыс істейді», - дейді.
Жұмабек Тәшеновтің бір ауыз сөзі «Қазақ әдебиеті» газетін жақтаушыларды бір көтеріп тастап, мәжіліс залындағы қарсылас топты жеңіп шығуына жол ашып бергендей болады.
Жұмабек Ахметұлы бірінші басшыға: «Иван Дмитриевич, қазақ тілінде шығатын «Қазақ әдебиеті» газеті туралы мәселе қаралып жатқанда, осы бөлімде жұмыс істейтін қазақ жолдастар неге бюроға қатыспайды?», - дейді. Оның сұрағына жауап беруді И.Д.Яковлев Қ.Оспановқа ысырады. Қ.Оспановтың орнына жауап берген Н.Иванов: «Жандосов демалыста, Ысмағұлов іссапарда, А... Шалабаев...», - дейді.
И.Д. Яковлев: «Сіз бен біз қазақша білмейміз, сонда бұл мәселені бюроға кім әзірлеген?» деп сұрайды. Н.Иванов: «Басқа сектордағы жолдастарды пайдаландық», - дейді.
Сәбит Мұқанов: «Сонда Қазақстан Орталық Комитетінде қазақ жігіттеріне сенім жоқ деп түсінеміз бе? Осы жаңа ғана Ысмағұловты да, Шалабаевты да көрдім ғой», - дейді. И.Д. Яковлев ойланып қалады.
Өз кезегінде Сақтаған Бәйішев газеттің ұлтшылдығын 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетімен салыстырып, «А.Байтұрсыновтың «Қазақ» газетінің лебі аңқып тұр» - деп сөгеді.
Осы мәселеге байланысты «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан» - С.Д) газетінің редакторы Қасым Шәріпов: «Қазақ әдебиеті» газетін жабу керек, ал басқа қазақ тілді газеттерді аудармаға айналдырмаса болмайды. Егер «Социалистік Қазақстан» газетін «Казахстанская правдадан» аударып, мен редактордың орынбасары болып қол қойсам, өзіме үлкен бақыт санар едім», - дейді. Сонда Жұмабек Тәшенов: «Социалистік Қазақстан» газетін ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің, не деп отырсың өзің!», - деп басып тастайды.
Сөйтіп ҚКП Орталық Комитетінің бюросындағы талқылауда «Қазақ әдебиеті» газеті жабылудан аман қалып, газетті жақтаушылардың пайдасына шешіледі.
- Академик Шапық Шөкиннің айтуынша Жұмабек Тәшенов Үкімет басшысы болған кезінде бірінші қазақ-орыс сөздігін құрастырған филолог-ғалым Хайрулла Махмудов қабылдауына кіріп, өзінің жай-күйін айтып, пәтер алуына көмек сұрайды. Сонда Жұмабек Тәшенов: «Мұндай адам қалай үйсіз жүр, қаладағы салынып жатқан үйлерден қалаған пәтеріңізді алыңыз, сол сіздікі болады»,-дейді. Х.Махмудов қаланың у-шуы аз бұрышынан пәтер алады. Бірақ ол жердегі салынған үйлер екі бөлмелі екен. Екі пәтерді қосуға рұқсат етілмейтін. Ал, Жұмабек Тәшенов: «Қабырғаны бұзып, біріктіріңдер, өзім жауап беремін», - деп бұйрық береді.
- Керімбек Сыздықовтың жазуына қарағанда Жұмабек Тәшеновтың атына сырттай қанық болып жүрген ауыл ақсақалдарының бірі жолы түсіп қалаға келгенінде әдейі өзін көрейін деп іздеп барып, келісті келбетіне қарап тұрып: «Құдайға шүкір, мың қайтара шүкір! Айтса айтқандай-ақ екенсің-ау, байлаулы арыстаным-ай! Елің үшін айдауға түскен, байлауға түскен арыстанның өзі екенсің-ау»,-деп сүйсінген екен.
- Бір кезде Жолдыбай Базаров мынадай оқиғағаның куәсі болыпты. Журналистің ауылында бір ақсақал соңғы демі бітуге аз ғана уақыт қалғанда көңілін сұрап келуші адамдардың біріне: «Өлсек, өлерміз. Тәшеновтен жанымыз артық па?», - деп айтыпты.
- «Соғыстан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүргенмін. Үйленгенмін, жұбайымыз екеуміз қарт әке-шешемізбен тар үйде тұруға мәжбүр болдық. Бұл жағдайды кездейсоқ білген Жұмабек Тәшенов маған 4 жыл соғыста болған майдангер ретінде кезексіз үй бергізді». (профессор Мұқаш Елеусізов)
- «Әр уақытта менің жүрегімнің төрінен орын алатын менің ер інім - Жұмабек» (Ғабит Мүсірепов, жазушы)
- «Жұмабек Тәшенов қандай қызметте болса да ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді»(Сағадат Нұрмағанбетов, генерал, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы)
- Біз броньмен соғысқа бармай қалдық қой. Қабылдауымызға келген соғыс ардагерлерінің өтініш-тілегін жерге тастамайық, олар от пен оқтың астынан келді
- «Никита Сергеевич, егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті органдарынсыз шеше беретін болса КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын жою керек қой. Ал ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығына өз меншігім деп пайдалануға құқы бар. Оны өзгертуге ешкімнің, ешбір органның құқы жоқ».
- «Социалистік Қазақстан» газетін ашқан да сен емес, жабатын да сен емессің»
Алтай шежіресі, жауапты редактор -- Хакім Омар, Құрастырушы Ісләмов Ібрахым (Жақан). Алматы, «Темірқазық» баспасы, 2014
“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9